Accessibility links

"Қош бол, Ленин көшесі!" Совет мұраларынан Қырғызстан қалай арылып жатыр?


Ресейлік депутаттар бұрын "дерусификация" деп атап, сынаған кампанияны жалғастырушы Қырғызстан совет басшысы Владимир Лениннің тағы екі ескерткішін сүріп, соның атындағы бірнеше көше мен мектептің атын өзгертті.

Елдің оңтүстігіндегі Ош қаласының билігі 25 метрлік - Орталық Азиядағы Лениннің ең биік ескерткішін маусымда бұзды. Біраз күннен соң көрші Жалалабад облысындағы постаменттен тағы бір Ленин ескерткіші алынды.

Шілдеде Ош орталығындағы Ленин көшесі 19-ғасырдағы қырғыз халқының көрнекті саяси тұлғасы Әлімбек Датқа болып өзгертілді. Жергілікті биліктің айтуынша, шамамен 50 жыл бойы Оштың басты көрнекті орны болған Ленин ескерткіші 95 метрлік тутұғырмен алмастырылмақ.

Қырғызстан үкіметі елдегі барлық Ленин көшелеріне қырғыз халқының аңыз кейіпкері Манастың атын беруді ұсынған. Бұған қоса, елдегі барлық елді мекен мен өзге де географиялық көрнекі орындардың аттарын шолып шығуды ұсынған.

Наразылардың бірі Ленин ескерткішіне қарап тұр.
Наразылардың бірі Ленин ескерткішіне қарап тұр.

Қырғызстан тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақыт болды, бірақ елде көптеген совет кезеңіндегі топонимдер сақталып қалған. Бәлкім, бұл жағынан Қырғызстан Орталық Азияда бірінші орында тұрған шығар.

Ел астанасы Бішкекте төрт аудан бар, төртеуінің де атауы коммунистік дәуірмен байланысты: Ленин, Свердлов (советтік саясаткер), Бірінші май және Октябрь.

Қырғызстан билігінің Бішкектегі аудан аттарын өзгерту туралы ұсынысына ресейлік саясаткерлер ашуланды, бұрын олар мұны "өте теріс тенденция" деп атап, "бастапқы кезеңінен ақ тоқтатылуы керек" деген.

ЕКІГЕ ЖАРЫЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР

Қырғыздардың көбі коммунистік дәуірдегі жер-су аттарын қырғыз атауларымен алмастыру тенденциясын қуаттайды. Алайда қоғам арасында да, саяси ортада да мұны сынаушылар да жоқ емес - әсіресе үлкендер жағы.

Ош қаласының тұрғыны Нұржігіт Әжібековтың Азат Еуропа/Азаттыққа айтуынша, ол биліктің совет кезеңіндегі ескерткіштерді бұзып, көше атауларын өзгерту туралы шешімін қолдайды, "[Совет идеологиясын] артқа қалдыратын мезгіл жетті" деді ол.

"Заман өзгереді, адамдар өзгереді және кез келген елде тарихи өзгерістер болып тұрады. Алға жылжуымыз керек" деді жергілікті жерде мектепте сабақ беретін тегін айтпаған Роза есімді әйел.

Алайда Оштың тағы бір тұрғыны Сыдық Мамытов советтік дәуірдің мұраларынан арылу кампаниясына қарсы.

Оның пікірінше, Ленин мен Совет одағы қырғыз халқы үшін маңызды рөл атқарады, қырғыз халқы совет дәуірінде "шекарасы мен институттары айқындалып, алғаш рет ресми түрде мемлекеттілікке қол жеткізген". Бірақ ел егемендігі бәрібір де Мәскеудің қолында болған.

Ош қаласының кеңесі Ленин көшесінің атын өзгертуді "тарихи қадам" деп атады.

Ленин ескерткішін сүрген сәт.Ош, маусым айы 2025 жыл
Ленин ескерткішін сүрген сәт.Ош, маусым айы 2025 жыл

Қала мэрі Жеңісбек Тоқтарбаев бұдан ертерек Юрий Гагарин, Максим Горкий, Сергей Киров пен Михаил Калинин сияқты совет тұлғаларының атымен аталатын Қырғызстандағы бірқатар мектептердің атын өзгертуге шақырған.

Бішкекте парламент спикерінің орынбасары Нұрбек Сыдығалиев Лениннің ескерткішін ескі алаңнан алып тастауға үндеген.

Бірақ сыншылар Қырғызстан советтік кезеңдегі тарихты өшірмеуге тиіс, себебі ол қалай болғанда да халықтың тарихы деп санайды.

Қырғызстандық саяси шолушы Амантұр Манапбаев атауларды жаппай өзгерту кампаниясын "қоғамда жікшілдік" тудыратын мәселе деп атап, мұны "халықтың ақшасын желге шашу" деп санайды.

Коммунистік партия жетекшісі Ысқақ Масалиев совет атауларынан бас тарту кампаниясын "үлкен қателікке" теңеп айыптады.

"УКРАИНА СЦЕНАРИЙІН" ҚАЙТАЛАУ

Мәскеуде ресейлік депутат Сергей Обухов Ресей сыртқы істер министрлігінен "Ресейге қатысты достық деп атауға келмейтін әрекет жасаған" Қырғызстанға қарсы шара қолдануды талап етті.

Ресей коммунистік партиясында жетекші қызмет атқаратын Обухов Мәскеудің Қырғызстанға едәуір ықпалы барын атап өткен. Ресейде нәпақа табу үшін Қырғызстаннан келген жүз мыңдаған жұмысшы істейді.

"Ресей қырғыз азаматтарына құшақ жайып қана қоймай, олардың балаларын да тегін біліммен қамтамасыз етіп жатыр" деп жазды Обухов 15 шілдеде Телеграмда. Оның сөзінше, қырғыз мигранттарының 111 мың баласы Ресей мектептерінде тегін оқып жатыр.

Обухов Қырғызстан "Украина сценарийін қайталап жатыр: басында декоммунизация, ізінше дерусификация" деді.

Ал Ош билігі бұл мәселені саясиландырмау қажеттігін айтып, Ленин ескерткішін алып тастауды елемеуге тырысты. Олардың сөзінше, бұл "қаланың сәулет және эстетикалық көрінісін жақсартуды" жоспарлау аясында жүзеге асырылған шара.

Қала билігінің айтуынша, ресми билік өкілдері бұзылған Ленин ескерткішін қаланың басқа бір бөлігіне орналастырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG