Accessibility links

Қошмамбеттегі азаптау ісі: Экс-полицейлер жазаны жұмсарту туралы өтініш тапсырды


Судья Дінмухамед Адайбаев азаптау бойынша айыпталған экс-полицейлерге үкім оқып жатыр. Алматы облысы, 17 қаңтар 2025 жыл.
Судья Дінмухамед Адайбаев азаптау бойынша айыпталған экс-полицейлерге үкім оқып жатыр. Алматы облысы, 17 қаңтар 2025 жыл.

Алматы облысында Қаңтардағы азаптау бойынша үш жылға бас бостандықтарынан айырылған бұрынғы полиция қызметкерлері жазаның өтелмеген бөлігін жұмсағырақ жазамен алмастыру туралы өтініш берді. Бұл жөнінде Азаттық Азияға адвокат Гүлнар Жуаспаева хабарлады.

Бұрынғы полицейлер 2022 жылдың басында Қаңтар оқиғасы кезінде Қошмамбет ауылындағы азаптауларға кінәлі деп танылған. Бұл іс бойынша Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары жәбірленуші танылған.

2025 жылы қаңтарда Қарасай аудандық сотында бұрынғы алты полицейге үкім оқылған. Маусым айында апелляциялық инстанция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Олжас Айдарханов, Арман Шойбеков, Нұрсұлтан Хамитов және Серік Тұрпанбаев Шығыс Қазақстан облысы Бобровка ауылындағы №22 мекемеде жазасын өтеп жатыр. Бауыржан Сопақов пен Берік Әбілбеков (Алматы полиция бастығының бұрынғы орынбасары) Талдықорғандағы №71 мекемеде отыр.

15 қыркүйекте Өскеменде №22 мекемеде жазасын өтеп жатқан бұрынғы полицейлердің жазаны алмастыру туралы өтініші қаралды.

Сот сол күні жәбірленушілердің мекенжайы көрсетілмегендіктен өтінішті қараусыз қалдырған.

Адвокаттың сөзінше, 20 тамызда Талдықорғанда Бауыржан Сопақовтың өтініші қаралған. Үш жылға сотталған 38 жастағы бұрынғы полиция капитаны жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға алмастыру туралы өтініш түсірген. Өтініш сотқа шілде айында түскен, яғни үкім күшіне енгеннен кейін екі айдан соң түскен.

Сот отырысында №71 мекеме өкілдері сотталушыны "жақсы жағынан сипаттап", "заңда белгіленген жазаны өтегенін, сот үкімі бойынша қарыздары жоғын" айтқан. Сопақов пен оның өкілдері оның өтінішін орындауды, сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескеруді де өтінген.

Іс материалдарын қарап, прокурордың ұстанымын (ол өтінішті орындамауды сұрады) ескерген сот жазаның үштен бірін өтеу – жазаның өтелмеген бөлігін жұмсақ жазаға алмастыруға негіз бола алмайтынын және бұл сотталушының түзелгеніне дәлел бола алмайды деген қорытындыға келген.

Сот сонымен бірге Сопақовтың "мақтау қағаздары жоғын, мекеменің тәрбие-қоғамдық шараларына қатыспағанын" да айтқан. Осылайша сот оның өтінішін орындаудан бас тартқан.

Алайда судья сотталушы алты айдан кейін тағы өтініш түсіре алатынын айтты.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева бұрынғы полицейлердің жазаны алмастыру туралы өтініштеріне қарсы екенін айтты.

"Біріншіден, сот үкімі бойынша келтірілген шығынды толық өтеген жоқ. Екіншіден, ауыр қылмыс үшін онсыз да аз жаза берді. Қазақстан азаптауға қарсы конвенцияны ратификациялаған. Жаппай азаптау үшін үш жыл - өте аз. Олар басынан бастап соңына дейін отыруы керек. Олар сот үкімі шыққанға дейін қамауда болған уақытты есепке алғанда (қамаудағы бір күн колониядағы 1,5 күн ретінде есептеледі) бір жылдан астам уақыт қана түрмеде отырған. Іс жүзінде өкінген жоқ. Жәбірленушілердің шығын өтелгені, сотталушыларға ешқандай шағым-талаптары жоғы туралы өтініштерін де көрмедік" деді Жуспаева Азаттық Азияға.

Оның сөзінше, ендігіде жәбірленушілерге жазаны алмастыру бойынша сот отырысы өтетіні жөнінде ескерту-хат жіберіледі. Бұл жолы оларға ондай хабарлама келмеген.

Биыл 17 қаңтарда Алматы облысының Қарасай ауданының соты "Азаптау", "Лауазымын асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған алты полицейді әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айырған еді. Бұрынғы полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған еді.

Жәбірленушілердің адвокаттары жаппай азаптау болғандықтан іс ауыр бап бойынша қаралуы керек еді деп айтқан. Олар полицейлерге тым жеңіл жаза берілді деп санайды. Заңгерлер жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс екенін де айтқан. Іс бойынша үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған. Арасында қырғыз музыканты Викрам Рузахуновта бар.

XS
SM
MD
LG