31 тамыз түнде Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Құнар провинциясында магнитудасы 6 баллдық жер сілкінісі болып, кемі 1400 адам қаза тапты, 2500-нан аса адам зардап шекті. Бұл туралы "Талибан" қозғалысы (АҚШ пен ЕО террорлық ұйым деп таныған) хабарлады.
Reuters агенттігінің жазуынша, дүмпу тереңдігі 8 километрде болған.
Жел сілкінісінен бірер сағат өткенде 250 адам қаза тапқаны айтылған. Одан кейін опат болғандар саны сағат сайын өсіп, 1 қыркүйекте 800 адам қаза тапқаны мәлім болған. Ал 2 қыркүйекте "Талибан" адам шығыны 1400 деп мәлімдеді.
"Талибан" басқаратын үкіметтің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
"Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны өте көп. Себебі зілзала таулы аймақта болды және таудағы ауылдарға жету қиын" деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шарафат Заман 1 қыркүйекте.
Заманның сөзінше, "үш ауыл жермен жексен болып, қатты қираған".
Құнар провинциясы билігінің ақпарат бөлімінің басшысы Наджибулла Ханиф та зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны өсуі мүмкін екенін айтқан еді.
Зілзала болған таулы аймақтағы үйлердің көбі құмнан және тастан салынған.
Жер сілкінісі Ауғанстан астанасы Кабул мен Пәкістанның Исламабад қаласында да сезілген.
Үнді және Еуразия тектоникалық тақтасында орналасқан Ауғанстанда жер сілкінісі жиі болады. 2023 жылы қазанда Герат провинциясында магнитудасы 6.3 баллдық зілзала болған. Биліктегі "Талибан" қозғалысы 4000 адам қаза тапты деген еді. Ал БҰҰ табиғат апатынан 1500 адам қаза болды деп мәлімдеген еді. Бұл әлемдегі кедей елдің бірі Ауғанстанның табиғи апаттарға келгенде әлсіз екенін көрсеткен.
Азаттықтың Ауған қызметі, Reuters пен ВВС ақпараттары негізінде жазылды.
ПІКІРЛЕР