Жамбыл облысында жоғары сынып оқушылары ұрып-соққаннан кейін жасөспірім көз жұмды

Жамбыл облысындағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Шу ауданы Көкқайнар ауылында 2010 жылы туған жасөспірім жоғары сынып оқушылары ұрып-соққаннан кейін көз жұмды. Бұл жөнінде жергілікті полиция хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға жергілікті мектепте 10 және 11 сынып оқушылары арасындағы футбол ойынан кейін болған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ойыннан кейін 11 сыныптың үш оқушысы ойындағы қарсыластарын дүкеннің маңына жинап, ұрып-соққан. 15 жастағы жасөспірімнің кеудесіне соққы тиіп, есінен танып қалған. Оқушы үйіне жеткізілгеннен кейін өзін нашар сезінген – лоқсып, тынысы тарылып қиналған. Жедел жәрдем келгенге дейін жасөспірім көз жұмған.

Жасөспірімнің қазасынан кейін 16 және 17 жастағы екі оқушы ұсталды. Олар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша күдікке ілінді.