Трамп: Киркті өлтірген күдікті ұсталғанға ұқсайды

Оңшыл белсенді Чарли Кирк және АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамп. Желтоқсан, 2024 жыл.

Оңшыл белсенді Чарли Киркті өлтірді деп күдікке ілінген адам қамалған болуы мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News эфирі кезінде осылай деп мәлімдеді.

Трамп сонымен бірге Кирктің өліміне кінәлі адамға өлім жазасы лайықты екенін айтып, күдіктіні "оған өте жақын адамы" нұсқағанын жеткізген. Трамп күдіктінің аты-жөнін айтқан жоқ.

Трамптың жақтасы ретінде танылған, "The Charlie Kirk Show" подкастының авторы 31 жастағы Чарли Кирк 10 қыркүйекте Юта штатындағы университетте сөйлеп тұрған кезде әлдебіреу атқан оқтан қаза болған. Трамп мұны "адам шошырлық" қылмыс деп атады.

Кирк республикашылдарға жас сайлаушыларды жинауға көмектескен. Бейсенбі күні Пентагонда 11 қыркүйек күнгі теракт құрбандарын еске алу шарасында Трамп Киркті президенттік Еркіндік медалімен марапаттайтынын айтты. Бұл мемлекет басшысының шешімімен азаматтарға берілетін ең жоғарғы марапаттардың бірі.