Ташкент Ауғанстанға "57 әскери тікұшақты қайтаратынын" терістеді

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі "Ташкент Ауғанстанға 57 әскери тікұшақты қайтаруға келіскені" жөнінде ақпаратты жоққа шығарды. Бұл тікұшақтар 2021 жылы тамызда – Ауғанстанда тәліптердің шабуылы кезінде Батыс қолдайтын үкімет құлаған кезде елден әкетілген еді. Оларды қайтару жоспары жөнінде бірқатар ауған ақпарат құралдары жазды.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ахрор Бурханов "мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды; Өзбекстан ұстанымы өзгеріссіз қалады, тараған ақпарат – жалған" деді. Оның сөзінен Gazeta.uz оның сөзінен үзінді келтіреді.

Осы аптада Afghanistan International, Kabul Times басылымдары Өзбекстан Ауғанстанға "57 әскери тікұшақты қайтаруы мүмкін" деп жазған. Дегенмен бұрын одан да аз тікұшақ жөнінде айтылған еді.

Атап айтқанда, 2021 жылы тамызда Кабулды басып алған тәліптердің шабуылынан бас сауғалап, жан-жаққа қашқан кезде Өзбекстан билігі шекараны заңсыз кесіп өткен 46 ауған ұшағы мен тікұшағын күштеп қондырғанын айтқан. Ондағы әуе кемелерінде 585 әскери қызметкер болған. Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанның әуе кеңістігін 22 әскери ұшақ, 24 тікұшақ (Embraer EMB 314 Super Tucano, UH-60 Black Hawk, MD-530, PC-12 және Ми-17) кесіп өткені айтылған.

2025 жылы ақпанда Өзбекстан жеті Black Hawk тікұшағын АҚШ-қа жіберген. Сол тікұшақтар арқылы ауған ұшқыштары эвакуацияланған.

Ал "Талибан" өкілдері ұшақтар мен тікұшақтар Ауғанстанның меншігі екенін айтып, оларды қайтаруды талап еткен. Ресми Ташкент ұшақтар мен тікұшақтар АҚШ-қа тиесілі екенін алға тартып, қайтарудан бас тартқан.