Ресейде қараусыз қалған бес сәби Қырғызстанға жеткізілді

Ресейде балалар үйіне қалдырылған бес қырғыз сәби Бішкекке әкелінді. Бұл туралы Қырғызстан еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, сәбилер Бішкектегі арнайы балалар үйіне орналастырылып, әлеуметтік қорғауға алынған.

Сәбилерді биологиялық туыстарына беру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Тастанды сәбилерді Мәскеуден әкеліп, Қырғызстандағы балалар үйіне немесе туыстарына тапсырған жағдай бұрын да болған.

2011 жылдан бері Ресейдің әртүрлі қалаларында қырғыз әйелдерден туған және балалар үйіне тастап кеткен сәбилерді елге әкету талпыныстары жасалған. Бұған қоса, Қазақстан, Сирия және Ирактан ондаған бала әкелінген. Олардың бір бөлігі туыстарына берілген, арасында асыраушысы жоқтар да болған.