Азаттықтың Беларусь қызметінің журналисі Игорь Лосик түрмеден босатылды

Игорь Лосик

Беларусь түрмесінен Азаттықтың Беларусь қызметінің журналисі Игорь Лосик босап шықты. Бүгін, 11 қыркүйекте Беларусь билігі 52 саяси тұтқынды және Литва, Латвия, Польша, Германия, Франция, Британияның (барлығы 14 шетелдік) азаматтарын босатқан.

33 жастағы Лосик 2020 жылы 25 маусымда ұсталып, бес жылдан бері қамауда отырған. Ол 2021 жылы желтоқсанда "қоғамдық тәртіпті бұзды және жаппай тәртіпсіздікке дайындалды" деген айыппен 15 жылға сотталған. 2022 жылы қазанда оның әйелі Дарья да ұсталып, 2023 жылы қаңтарда "экстремистік іс-әрекетке араласты" деген айыппен 2 жылға сотталған. Сотқа Дарьяның "Белсат" арнасына (Беларусь режимі "экстремистік" деп таныған, телеарна бұл айыпты жоққа шығарады) берген сұхбаты себеп болған.

"Беларусь билігі әділетсіз түрде түрмеге қамаған батыл журналисімізді босатқан үшін президент Трампқа алғысымыз шексіз", — деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус. — "Мемлекеттік хатшысы Рубиоға, арнайы өкілдің орынбасары Джон Коулға, Литва үкіметіне және баспасөз еркіндігін қорғаушы қауымдастыққа да қамаудағы журналисімізді қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Азаттық журналисі Игорь көп қиындықты көрді. Әділетсіз жолмен басына түскен бес жылдық сынақ пен қиындық, міне, аяқталды".

Бүгін, 11 қыркүйекте АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың орынбасары Джон Коул Минскіге келіп, Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенкомен кездескен. Осы күні Беларусь түрмесінен 52 саяси тұтқын босағаны белгілі болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп елшісі Минскіге барды. Лукашенко 52 саяси тұтқынды босатты