АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильге барды. Ресми сапар Вашингтонның Таяу Шығыстағы одақтастары арасында шиеленіс пайда болған тұста өтті. Шиеленіске Израильдің Катардағы ХАМАС лидерлеріне соққы жасағаны түрткі болды.
ХАМАС – АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған палестиналық радикал топ.
Израильге ұшар алдында журналистермен сөйлескен Рубио президент Дональд Трамп Катар аумағына соққы жасалғанына разы емес екенін, бірақ АҚШ Израильді қолдауды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуылдаған ХАМАС әлі 48 Израиль азаматын тұтқыннан қайтарған жоқ. ЦАХАЛ дерегінше, оның шамамен жиырмаға жуығы ғана тірі. АҚШ пен Катар Газа аймағында атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізу ісінде араағайындық қызметін атқарып келген. Бұл келісім тұтқындарды босату мәселесін де қарастырады.
Өткен сейсенбіде Израиль Дохада ХАМАС саяси басшыларының жиыны өтіп жатыр деген үйге соққы жасады. Ақ үй бұл соққыны сынап, оны АҚШ пен Израильдің мүддесіне қайшы келетін, жағдайды "біржақты ушықтыратын" соққы деп атады. Израиль шабуылы араб елдерінің сынына ұшырап, Катар араағайындығымен өтіп жатқан келіссөздерді тоқтатып қойды.
Жұма күні Рубио Ақ үйде Катар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Танимен кездесті. Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте Катар премьерімен кешкі ас ішті.
Қыркүйектің аяғында Нью-Йоркте БҰҰ жиыны өтеді. Ол жиында Франция мен Ұлыбритания Палестинаны мемлекет деп тануы мүмкін. Вашингтон бұл қадам ХАМАС-ты күшейтіп, Израиль өкіметін Батыс жағалауды аннексиялауға түрткі болуы мүмкін деп санайды.
Бейсенбіде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қонысты ұлғайту жоспары туралы келісімге қол қойды. Бұл жоспар Батыс жағалаудағы жерлерді де қамтиды. Палестиналықтар бұл жерде алда құрылатын мемлекетке тиесіле болуы керек дейді. Өткен аптада Біріккен Араб Әмірліктері Батыс жағалауға қоныстану "қызыл сызықты" басып өткенмен тең деп, бұл қадам БАӘ мен Израиль қарым-қатынасын ретке келтіретін 2020 жылғы Авраам келісімін бұзады деді.
Рубио Израильге сапарлаған соң, Ұлыбританияға аттанады. Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға сапарлайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Израильдің Катардағы шабуылын айыптады