Ливерпульде аяқталған бокстан әлем чемпионатында Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 2 қоламен жалпы есепте бірінші орын алды.
БІР ТУҒАН БОКСШЫЛАРДЫҢ ЖЕҢІСІ
Англиядағы әлем чемпионатында ағалы-інілі Махмұд (24 жаста) пен Төрехан (19 жаста) Сабырхан алтын медаль иеленді. Бір отбасынан шыққан екеуі алғаш рет бірге жарысқа қатысып, алтын жеңіл алды. 55 келіде Махмұд финалда испаниялық Рафаэль Лозанодан басым түсті. Финалдан соң ол "жеңісіме әлі қуанып тұрған жоқпын. Алда Төреханның жекпе-жегі" деді.
Махмұд Сабырхан әлем чемпионатында. Ливерпуль, 14 қыркүйек 2025 жыл.
Ал 70 келіде бокстасқан Төрехан финалда жапон Сэвон Окадзаваны (IBA ұйымдастырған 2021 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азиада чемпионы, Токио олимпиадасының қатысушысы) жеңді.
Махмұд жүлдесін қолына алған соң "Англияға келерде інім екеуміз де алтын алып тарих жасағымыз келген еді" десе, Төрехан "не айтарымды білмеймін, толқып тұрмын, бір үйден екі алтын алдық. Бұл тарихты жалғастырамыз" деді.
АСА АУЫР САЛМАҚТАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЛТЫН
Қазақстан бұл біріншілікте алғаш рет аса ауыр салмақта (+90 келі) алтын медаль иеленді. Айбек Оралбай финалда өзбек боксшысы Жахонгир Зокировтен басым түсті – 3:2. Жартылай финалда Оралбай кубалық танымал боксшы Хулио Сезар Де Ла Крузды (2016, 2020 жылғы олимпиада чемпионы) жеңген еді.
Бұған қоса, аса жеңіл салмақта (50 келі) Санжар Тәшкенбай да әлем чемпион атанды. Ол финалда моңғолиялық Алдархишиг Баттулганы қиналмай жеңді. Бес төреші де жеңісті Тәшкенбайға берді. Санжар жартылай финалда кубалық Алехандро Клароды ұтып, финалға шыққан.
Санжар Тәшкенбай финалда бапкерлерінің кеңесін тыңдап тұр. Ливерпуль, 14 қыркүйек 2025 жыл.
"Ата-анама, бапкерлеріме рақмет. Бұл бірлікпен келген жеңіс" деді Тәшкенбай жарыстан соң.
Ерлер арасындағы он салмақтың алтынын Қазақстан (төрт алтын) мен Өзбекстан (алты алтын) өзара бөлісті.
ӘЙЕЛДЕР БОКСЫНЫҢ ТРИУМФЫ
Қазақстан әйелдер құрамасы бұл біріншілікте үш алтын, бір күміс, екі қола медаль иеленді. 51 келіде Алуа Балқыбаева, 65 келіде Аида Әбікеева, 70 келіде Наталья Богданова чемпион атанды.
Аида Әбікеева әлем чемпионатында. Ливерпуль, 14 қыркүйек 2025 жыл.
48 келіде Назым Қызайбай финалда үндістандық Минакши Худаға жол беріп, күміс медаль еншіледі. Бұл – Қызайбайдың әлем чемпионатында иеленген бесінші медалі. Ол осыған дейін IBA ұйымдастырған әлем біріншіліктерінде үш алтын, бір қола алған еді. Бұған қоса, Париж олимпиадасында қола жүлде иеленген. Дәл қазір Назым – бокстан әлем чемпионатында ең көп жүлде алған қазақ боксшысы.
65 келіде чемпион болған Аида Әбікеева Ливерпульдегі біріншілікте Токио олимпиадасының чемпионы түрік Бусеназ Сюрменелиді жарыстан шығарып, финалда өзбекстандық Навбахор Хамидованы жеңді. Шешуші жекпе-жекте Хамидова екі раунд бойынша 3:2 есебімен сәл басым болып тұрған. Үшінші раунда Әбікеева ширақ бокстасып, жеңісті жұлып алды. Үшінші раунда төрешілердің бәрі жеңісті қазақ боксшысына берді.
Алуа Балқыбаева әлем чемпионатында. Ливерпуль, 14 қыркүйек 2025 жыл.
Ал 51 келіде Алуа Балқыбаева финалда Токио мен Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Бусеназ Чакыроглудан (Түркия) басым болды. 70 келіде Наталья Богданова финалда австралиялық Лекейша Перголитиді еш қиналмай жеңді – 5:0.
Бұған қоса, 60 келіде Виктория Графеева мен +80 келіде Елдана Талипова қола жүлдегер атанды.
Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекені қоса есептегенде Қазақстан бірінші (7 алтын, 1 күміс 2 қола), Өзбекстан (6-2-3) екінші, Үндістан (2-1-1) үшінші орын алды.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ЖӘНЕ ГОЛОВКИН
Ливерпульдегі әлем біріншілігін жаңадан құрылған World Boxing ұйымы өткізді. Бұл ұйымда кәсіпқой және әуесқой бокстан әлем чемпионы болған, Афина олимпиадасының күміс жүлдегері Геннадий Головкин (олимпиада ойындары бойынша комиссияны басқарады) қызмет етеді.
Ал осыған дейінгі әлем біріншіліктерін ресейлік Умар Кремлев (Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серіктесі) басқаратын IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) ұйымдастырып келген.
Халықаралық олимпиада комитеті бұл ұйымды жемқорлыққа айыптап, төрешілердің жұмысына күмән келтірген. Осыдан соң ХОК Кремлевтің ықпалындағы ұйымнан олимпиаданың бокс жарысын өткізу құқығын тартып алды. Токио және Париж олимпиадасында бокс бәсекесін ХОК өзі ұйымдастырған еді. Ал 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін олимпиадада боксты World Boxing ұйымдастырады. Қазір әлем елдерінің көбі олимпиада үшін IBA ұйымынан World Boxing ұйымына ауысып жатыр.
Биыл наурызда IBA Сербияда әйелдер арасында әлем чемпионатын өткізген еді. Сол чемпионатта Назым Қызайбай, Алуа Балқыбаева, Аида Әбікеева алтын алған. Демек үшеуі де бір жылдағы екі әлем чемпионатында медаль иеленіп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бокстың айналасында дау неге көп? 2028 жылғы олимпиада бағдарламасында неге жоқ?