Зейнетақы қорынан тіс емдеуге ақша алу уақытша тоқтатылмақ

Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап зейнетақы қорынан тіс емдетуге ақша алуға өтініштер қабылдау уақытша тоқтатылады. Бұл туралы "Отбасы банкі" хабарлады.

"2025 жылдың 15 қыркүйекгінен бастап enpf-otbasy.kz платформасында зейнетақы қорындағы белгіленген межеден асқан ақшаны тіс емдеуге пайдалану бойынша өтініш қабылдау тоқтатылады. 15 қыркүйекке дейін қабылданған өтініштер бұрынғыша қарала береді. Қайта өтініш қабылдану басталатын уақыт қосымша хабарланады" деді "Отбасы банкі".

Банк бұл шешімнің себебін түсіндірмеген.

Бұған дейін қаржы мониторингі агенттігінің басшысы Жанат Еліманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, халық зейнетақы қорынан "тіс емдеймін" деп 200 миллиард теңгені негізсіз алғанын айтқан. Еліманов адамдар жекеменшік клиникалар арқылы "өтірік схемамен" зейнетақы қорынан ақша алған дейді.

Бірнеше жыл бұрын үкімет азаматтарға зейнетақы қорында жиналған ақшасы белгілі бір сомадан асса үй алуға, тіс емдеуге алуға рұқсат берген еді.