БҰҰ-ның Украинадағы Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер саны 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайыз өскен. Қаза тапқандар саны – 17 пайыз, жараланғандар – 46 пайыз көбейген. Бұл туралы миссияның 10 қыркүйекте жарияланған есебінде айтылды.
Тамыз айында бейбіт тұрғындар арасында өзге қару түрлеріне қарағанда, қысқа қашықтыққа арналған дрондар шабуылынан өлгендер мен зардап шеккендер көбейген: 58 адам қаза тауып, 272 адам жараланды. Есепте бейбіт адамдар арасында қаза тапқандардың шамамен 72 пайызы майдан шебіне жақын аймақтарда, соның ішінде Донецк және Херсон облыстарында тіркелген деп көрсетілген.
Бұған қоса 2025 жылы Ресей әскері алыс қашыққа арналған қару түрлерін – зымырандар мен дрон-камикадзелерді жиірек қолдана бастаған. Олар алдыңғы шептен алыс орналасқан нысандарды көздеген. Бұл үрдіс тамыздағы үзілістен кейін қыркүйекте қайта жалғасты.
"Тамыздың басында алыс жердегі нысаналарға шабуылдар уақытша тоқтауы қала аудандарына қысқа мерзімге ғана тыныштық әкелді. Ал майданға жақын аймақтарда құрбан болғандар саны сол күйі жоғары болып қалды. Қыркүйек айының басында шабуылдар қайта жалғасып, Ресей Федерациясы зымырандар мен дрондарды рекордты мөлшерде көп қолданды деген хабар түсті", – деді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясының басшысы Даниэль Белль.
БҰҰ мәліметінше, Ресей Украинаға ауқымды күшпен басып кіргелі бері кемінде 14 116 бейбіт тұрғын қаза тапқан, арасында 733 бала бар. Жараланғандардың жалпы саны – 36 481 адам, оның 2 285-і – балалар.
ПІКІРЛЕР