Accessibility links

Ұлыбритания және Жапония Ресейге қарсы санкцияны күшейтті


Ұлыбритания және Жапония Ресейге қарсы санкцияны күшейтті. Лондонның "қара тізімінде" ондаған зауыт бар. Арасында «Русполимет» металлургиялық компаниясы, «Технодинамика» холдингі, Брянск химия зауыты, Сарапульский радио зауыты, «Анозит» өнеркәсібі, "Реконд" конденсаторлар өндірісі, "Элеконд", "Синвент" техникалық жүйе институты, Ресейдің қуатты радиотехника институты, Редкинский тәжірибелік зауыты, "Мезон" және Мытищинский аспап жасау зауыты бар.

Санкцияға Ресеймен әріптестік орнатқан Қытай, Үндістан, Түркия мен Таиланд компаниялары да енген.

Шектеу шараларының жеке тұлғаларға да қатысы бар. Қытайлық Shenzhen Blue Hat International Trade компаниясының иелері ресейліктер Алексей Малицкий және Елена Малицкая, түріктің Mastel Makin компанияна қатысты Әзербайжан азаматы Шанлик Шүкіровке санкция салынған.

Бұған қоса, "қара тізімде" Ресейдің "көлеңкелі флотына" қарасты 70 кеме бар. Арасында "Газпромнефтьпен" байланысты GAZPROMNEFT NORDEAST және GAZPROMNEFT ZUID EAST танкерлері бар.

Жұма күні Жапония билігі де 47 ресейлік және үш белорус компаниясы, сонымен бірге бірқатар шенеуніктер мен олардың туыстарына, әскерилерге санкция салды.

Жапония сыртқы істер министрлігінің хабарламасында Ахмат Қадыров атындағы қор, "Артек 2" балалар лагері, "Movement of the First" ұйымына да шектеу қойылғаны жазылған. Санкция сонымен бірге қорғаныс саласындағы бірқатар кәсіпорындарға да салынған. Арасында "Орал" көлік жасау зауыты, "Тула қару-жарақ зауыты", "Арзамас машина жасау зауыты", әскри техника шығаратын "Арнайы конструкторлық бюро" бар.

Еуроодақ 12 қыркүйекте ресейлік заңды және жеке тұлғаларға қатысты санкцияны жарты жылға ұзартқан. Бұл шектеуге Ресей басшысы Владимир Путин де ілінген. Алдағы уақытта ЕО Ресейге қарсы 19-пакетін қабылдайды. Бұған дейін Ресейге тыйым салынған тауарларды тасымалдап отыр деп күдікке ілінген Қазақстанға да жанама санкция салынуы мүмкін екені хабарланған еді.

XS
SM
MD
LG