Ресейде шетел азаматтарының кәмелетке толмаған балаларының 87%-ын оқуға қабылдамай қойған. Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі федералдық қызметтің хабарламасында осындай мәлімет бар.
Ведомство дерегінше, сәуір мен тамыз аралығында шетел азаматтығы бар 23 616 балаға қатысты мектепке қабылдау жөнінде құжат келген. Тек 8223 орыс тілі бойынша тестке жіберілген, 5940-ы өткен.
Ресейде кәмелетке толмаған шетел азаматтығы бар балаларға арналған орыс тілі сынағы биыл 1 сәуірден бастап енгізілген. Балалар орыс тілін білетінін дәлелдеуі керек, ал егер сынақтан өтпесе, мектепке қабылданбауы мүмкін.
Тестілеуден бөлек, мектепке қабылдануы үшін ата-аналар балалардың елде тұруы заңды екенін дәлелдейтін құжаттар, олардың заңды өкілдерінің елде заңды тұрып жатқаны туралы құжат, инфекциялық ауру жоқ екені туралы медицина қорытындысы керек.
Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесі ІІМ-ге сүйене отырып, елде мигранттарға қатысы бар 785 мың бала тұрып жатқанын хабарлаған. 192,2 мыңы (24,5%) мектептерде оқиды.
Кеңестің жетекшісі Валерий Фадеев бұған дейін балалары мектепке бармайтын ата-аналарды елден кетуге шақырған. Оның ойынша, "мазасыз балалар мен жасөспірімдер көшелерге, қоғамдық орындарға жиналып", қоғам қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін.