Accessibility links

Қарағанды және Жетісу облыстарында екі жол апаты болып, 15 адам қаза болды


Жол апаты. 14 қыркүйек "Қазавтожол" таратқан сурет.
Жол апаты. 14 қыркүйек "Қазавтожол" таратқан сурет.

14 қыркүйекке қараған түні Қарағанды мен Жетісу облыстарында екі жол апаты болып, 15 адам қаза болды. Бұл жөнінде "ҚазАвтоЖол" хабарлады.

13 қыркүйекте түнгі сағат 11 жарым шамасында Қарағанды облысының Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолында Ford Mondeo көлігінің жүргізушісі рұқсат етілмеген орында қарсы бағытқа шығып, Changan көлігіне соқтығысқан. Нәтижесінде бес адам қаза болды.

14 қыркүйекте сағат 1.40-та Жетісу облысының Алматы – Өскемен автожолының 479-шақырымында тағы жол апаты болды. Оңтүстікке қарай жылжып бара жатқан Nissan Cefiro көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, Lada ВАЗ көлігіне соқтығысқан. Одан соң Chevrolet Cobalt көлігіне соғылған.

Жол апатының салдарынан Nissan Cefiro жүргізушісі оқиға орнында қаза болған. Lada ВАЗ көлігінде төрт адам болған: бір жолаушы мерт болған, тағы бірі жарақат алған. Ал Chevrolet Cobalt көлігінде сегіз адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша барлығы опат болған. Осылайша бір түнде екі жол апатынан барлығы 15 адам қаза болды.

"ҚазАвтоЖолдың" хабарлауынша, тасжолдың жол апаты болған бөліктерінде жол сапасы жақсы, ой-шұңқыры жоқ тегіс жол. Компания өкілдерінің айтуынша, жолдың тегістігіне қызығып, көп жүргізуші қатты айдап, жол ережесін бұзады, соңы осындай қайғылы оқиғалармен аяқталады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда биыл алғашқы сегіз айда елде 22,5 мың жол апаты болған. 1446 адам қайтыс болған, 32 мыңнан астам адам зардап шеккен. Көп адам өлімі – Алматы облысында (96), Түркістан (85), Жамбыл (46), Жетісу (38), Ақмола облыстарында (31), сонымен бірге Қызылорда (28), Қарағанды (28) облыстарында тіркелген.

XS
SM
MD
LG