Черногория Жоғарғы соты қазақстандық белсенді, "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі Динара Смайылованы (Дина Таңсәрі) Қазақстанға экстрадициялаудан түпкілікті түрде бас тартты. Бұл жөнінде Динара Смайылова Facebook парақшасында хабарлады.
“4 қыркүйекте Черногория Жоғарғы соты Қазақстанның Бас прокуратурасының экстрадициялау туралы өтінішін кері қайтарған. Бүгін, 12 қыркүйекте шешім Черногория Жоғарғы сотында апелляциялық инстанцияда қаралған соң күшіне енді. Черногория Жоғарғы соты мен Жоғарғы сотының судьяларына алғыс айтамын!” деп жазды белсенді.
Ол өзіне көмектескен халықаралық және жергілікті белсенділерге, құқық қорғаушыларға алғыс айтқан.
Биыл шілде соңында Динара Смайылова және оның жолдасы Алмат Мұхамеджановқа Черногорияда саяси баспана берілгені белгілі болған.
Биыл 14 сәуірде Астананың сұрауы бойынша Смайылова Черногорияда ұсталып, ізінше босатылған. Қазақстанда оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланған.
Қазақстан Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Динара Смайылованың үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпау ережесін бұзу, алаяқтық" баптары бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Оған "НеМолчиKZ" қоры арқылы заңсыз ақша жинап, бұл қаржыны жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылған.
Смайылова бұл айыптарға келіспейді. Мамыр айында Азаттыққа берген сұхбатында ол бұл істер ойдан құрастырылған деген.
"НеМолчиKZ" — тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесумен айналысатын үкіметтік емес ұйым. Ерлі-зайыптылар Черногориядан саяси баспана беру туралы өтінішті екі жыл бұрын берген.
Дина Таңсәрі деген атпен көбірек танылған Динара Смайылова Қазақстаннан 2021 жылы кеткен. Ол екі жылдай Грузияда тұрған, алайда қысқа уақытқа сыртқа шыққан оны сол елдің шекара қызметі қайта кіргізуден бас тартқан. Оның айтуынша, Грузияның мұндай шешім қабылдауына Қазақстан билігі ықпал еткен, себебі "НеМолчиKZ" қоры елдегі зорлық-зомбылықтың ауқымын көрсетіп, полицияның қауқарсыздығын әшкерелейді. Ол 2023 жылдан бері Черногорияда тұрады.