Accessibility links

Денсаулық басқармасы: Жыланбаевтың салмағы - 71 келі, жасына байланысты өзгерістер байқалады


Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.
Марафоншы Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде. 29 шілде, 2025 жыл.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы туралы айтты. Басқарманың хабарламасында тамыз ортасында Жыланбаевтың салмағы 71 келі болғаны, "жасына байланысты [денсаулығында] өзгерістер" байқалғаны жазылған. Хабарламаны ҚазТАГ жариялады.

"Степногорск қалалық ауруханасына" тіркелген азамат Ж., Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өтінішіне сәйкес күн сайын дәрігер бақылауында. 2025 жылдың 12 тамызында оның өтініші бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу жүргізілді. Салмағы - 71 келі. Жасына байланысты табиғи өзгерістер байқалады, дәрілік терапия көмегімен түзетіледі" деп жазылған Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Басқарма өкілдері Жыланбаевтан ауыр дерт табылмағанын, өмірі мен денсаулығына қатер жоғын айтқан.

Бұған дейін адвокат Денис Малюга Жыланбаевтың медициналық тексерулерден кейін бүйрегі ауыратыны анықталғанын хабарлаған еді.

"Марат бүйрегін тексертіп, электрокардиографиядан өткен. Нәтижесінде Мараттың бүйрегі төмен түскені және онда тұз көп екені анықталған. Сондықтан қазір ол дәрі-дәрмек қабылдап жатыр, оған система қойды" деді Малюга видеомәлімдемеде.

Ол сонымен бірге мекеме бастығымен кездескенін де айтқан еді.

"Біз онымен Мараттың адвокаттары арқылы бұған дейін айтқан бірқатар маңызды мәселелерді талқыладық, ол жөнінде Марат өз шағымдарында да айтқан. Бұл дүкен мәселесі, Skype және өтініштерді тіркеу терминалдарының жұмысы мәселесі. Бұған қоса, адвокаттардың кассациялық шағым түсіруімен қатар Марат өзі де істі Жоғарғы сотқа шағым жазбақ: онда Мараттың кінәсіздігін дәлелдеуге тырысамыз. Адвокат ретінде БҰҰ-ның Маратқа қатысты жуырда ғана шығарған адам құқықтары жөніндегі қарарында көрсетілген заңбұзушылықтар үкімде ескерілмеді деп есептеймін. Олар әділ шешім қабылдау үшін осыны ескеруі керек еді" деді Малюга.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG