АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкция жариялау мәселесінде Еуропа Одағына орындалмайтын шарт қойды деп жазды The New York Times басылымы.
Бұған дейін Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді қолдауға дайын екенін, бірақ НАТО елдері түгелдей Ресей мұнайын сатып алудан бас тартқан жағдайда ғана қолдайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар, АҚШ президенті Еуроодақты Қытай тауарларына 50-100 пайыздық кеден салығын енгізуге шақырған.
The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ басшысының талабын орындау мүмкін емес, өйткені Ресей мұнайын сатып алушылардың қатарында Венгрия мен Түркия бар, ал олардың бұл істі тоқтатуы екіталай.
Еуроодақ елдерінің көбі Ресей жанармайын сатып алуды едәуір азайтқан, бірақ газға деген тәуелділік әлі бар.
Axios басылымының дерегінше, Ресей президенті Владимир Путинге елеулі қысым көрсете алатынына Трамптың өзі де күмәнданып отыр.
Ал Конгресстегі өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон CBS телеарнасына берген сұхбатында Ресейге қарсы санкция жариялайтын уақыт келгенін, бірақ түпкі шешімді Трамптың өзі қабылдайтынын айтты.
"Қиын уақытта қиын шаралар қажет екеніне сенімдімін және Ресейге қарсы санкция жариялайтын уақыт әлдеқашан туғанына сенімдімін. <...> Конгрессте бұған деген үлкен сұраныс бар, сондықтан біз Ақ үймен және сенаттағы әріптестерімізбен осыған қол жеткізу үшін ынтымақтасуға дайынбыз. Мен өзім де қалап отырмын" деді ол.
Джонсонның сөзінше, бұл мәселеде Конгресс жекедара шешім қабылдай алмайды, өйткені АҚШ-та кез келген заңға президент қол қояды. Спикер санкция мәселесінде әріптестік болуы керек екенін айтады.