Accessibility links

Қазақстан мен Қытай 70-тен аса коммерциялық келісімге қол қойды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сәт. 30 тамыз 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сәт. 30 тамыз 2025 жыл.

Пекинде іссапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесіне қатысып, екі тарап жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кеңесте Тоқаев Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, "Қытай бизнесінің өкілдері Қазақстаннан сенімді серіктестер таба алатынын" жеткізді.

Бұған қоса, Тоқаев Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнмен кездесті.

CNNC Қазақстандағы екінші атом электр станциясын салатыны айтылған еді. Тоқаев "тәжірибесі мол әрі технологиясы озық CNNC компаниясымен екінші атом электр стансасының құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірген". Ақорда екі тараптың кездесуінің нақты детальдарын жарияламады.

Бұдан бөлек Ақорда "Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге ниет танытып отыр" дейді. Тоқаев компания директоры Ни Чжэнмен де кездескен.

Кейінгі кезде Қытайдың Қазақстандағы жобалары мен инвестициясы қарқынды артып келеді. Қытайлық Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Жамбыл облысындағы ірі жел электр станциясына, Жезқазған – Қарағанды автокөлік жолы, Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысына 2 млрд доллан құйған. Тоқаев Пекинде осы банктің президенті Цзинь Лицюнмен жолығып, "ынтымақтастықды дамыту перспективасын" талқылаған.

Қытайдың Fujian Hengwang Investment компаниясы Жамбыл облысында металлургия зауытын, Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу зауытын, China Glass компаниясы Қазақстанда шыны зауытын салған.

Ақорданың мәліметінше, енді Алматы қаласында Қытайдың көліктерін шығаратын зауыт пен қытайлық электробустар шығаратын BYD компаниясы ашылмақ. Бұдан бөлек Tianjin Rail Transit компаниясы қазір Астанадағы LRT жобасын салып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG